Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін туристік экономикаға жол ашады
Алматы тау кластерін дамыту туризмнің экономикалық әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына және тұрақты жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды KazFace.kz
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2025 жылы туристік қызметтер көлемі 15,2 пайызға өсіп, 110,9 млрд теңгеге жеткен. Туризм саласынан түскен салық түсімдері 84 млрд теңгені құрады.
Жыл бойы жұмыс істейтін курорттар туристер ағынын маусымдарға қарай тең бөлуге мүмкіндік береді. Қыста шаңғы мен сноубордқа сұраныс артса, жазда жаяу серуендеу, экскурсиялар және отбасылық демалыс түрлері танымал болады. Бұл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және қосымша табыс көздерін қалыптастыруға жағдай жасайды.
Сонымен қатар, жыл он екі ай жұмыс істейтін туристік нысандар қонақүй, мейрамхана, көлік және қызмет көрсету салаларында тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Курорттардың дамуы жергілікті кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерге де жаңа мүмкіндіктер ашады.
Тау туризмін дамыту барысында экологиялық жауапкершілік пен табиғи тепе-теңдікті сақтау маңызды. Сондықтан оның тиімділігі туристер санымен қатар, тұрақты жұмыс орындары, жергілікті бизнестің табысы және инфрақұрылымның жыл бойғы жүктемесі арқылы бағалануы тиіс.