Ыстықкөлде 250 шақырымдық шаңғы трассасы бар жаңа тау курорты ашылады
Қырғызстан Ыстықкөл облысында ауқымды «Ала-Тоо Резорт» тау-туристік кластерін салуда. Жобаның алғашқы кезеңін 2026 жылғы 1 желтоқсанда ашу жоспарланған. Курорт Ақ-Суу ауданындағы Жыргалан аңғарында орналасады, деп хабарлайды KazFace.kz
Үш курорттық аймақ және 250 шақырымдық трасса
Бұрын «Үш шың» деп аталған жоба Жыргалан, Ақ-Бұлақ және Боз-Үчүк атты үш курорттық аймақты біріктіреді. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен 2038 жылға дейін жалғасады.
Курорттың ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, мұндағы шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 250 шақырымды құрайды. Жоба жыл бойы туристерді қабылдауға бағытталған. Қыс мезгілінде шаңғы және сноуборд тебуге мүмкіндік болса, жазда жаяу серуендеу, атпен саяхаттау және экотуризм бағыттары дамытылады.
Жобаның жалпы құны 1,2 млрд еуроға бағаланып отыр. 2025 жылғы шілдеде «Ала-Тоо Резорт» мемлекеттік кәсіпорны жарғылық капиталы толығымен мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам болып қайта құрылды.
Австриялық компания аспалы жолдар салып жатыр
Курорттың аспалы жолдарын австриялық Doppelmayr компаниясы салып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың жазында басталды. Алғашқы кезеңде қажетті жабдықтар жеткізіліп, техникалық жолдар салынып, тіректердің іргетасы қаланды.
Биыл шілдеде Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров алғашқы аспалы жолдардың техникалық іске қосылуына қатысты. Қазіргі уақытта екі желі салынды. Олардың ең ұзынының ұзындығы 2 296 метрді құрайды.
Сонымен қатар биыл ақпанда «Ала-Тоо Резорт» пен австриялық компания арасында тағы төрт аспалы жол салу жөнінде келісімшарт жасалды.
Алғашқы кезеңде 47 шақырымнан астам трасса ашылады
2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін Жыргаланда алты аспалы жол мен жалпы ұзындығы 47 шақырымнан асатын шаңғы трассасы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Шаңғы жабдықтарын жалға беру пунктіне, дүкенге, сақтау камераларына және техникалық қызмет көрсету шеберханасына қажетті жабдықтарды австриялық MRM GmbH компаниясы жеткізеді. Сондай-ақ электронды өткізу жүйесін орнату, жабдықтарды сынақтан өткізу және қызметкерлерді оқыту жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, курорт үшін қарда жүретін көліктер, қоқыс таситын және қар тазалайтын арнайы техника, сондай-ақ жарықдиодты экрандар сатып алынуда. Бұл мақсатқа 35,4 млн сом бөлінген.
Ал шаңғы трассалары мен инженерлік қорғаныс нысандарын жобалаумен ресейлік «НИПИ «Инжзащита» институты айналысады. Бұған дейін компания «Манжерок», «Красная Поляна» және «Роза Хутор» курорттарының жобаларына қатысқан.
Қонақүйлер мен туристік нысандарды жеке инвесторлар салады
Курорт аумағында қонақүйлер, мейрамханалар мен SPA-кешендер жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынады. Бұл үшін жер учаскелері ашық онлайн-аукциондар арқылы ұсынылып жатыр. Мамыр айында өткен сауданың үш кезеңінің қорытындысы бойынша қонақүйлер, апартаменттер, мейрамханалар және басқа да туристік нысандар салуға арналған 39 жер учаскесі сатылған.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров жобаның ашылу мерзімін 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде жариялады. Ол ұйымға мүше елдердің өкілдерін курорттың ашылу салтанатына шақырып, кәсіпкерлерді туристік инфрақұрылымға инвестиция салуға үндеді.
Жоба толық аяқталғаннан кейін жылына екі миллионға дейін турист қабылдау көзделіп отыр. Курорттың ресми мәліметіне сәйкес, оның бюджетке түсетін үлесі 146 млн еуро көлемінде болады деп күтілуде.
Қазақстан да тау туризмін дамытуда
Орталық Азия елдері тау-шаңғы туризмін дамытуға қатар көңіл бөліп отыр. Қазақстанда бұл бағыт Алматы тау кластері аясында жүзеге асуда.
2029 жылға қарай кластердің негізгі нысаны саналатын Almaty Superski жаңа курортын іске қосу жоспарланған. Жоба операторы – «Бәйтерек» холдингіне кіретін Kazakh Tourism Development компаниясы.
Көк-Жайлауда 60 шақырым жаңа шаңғы трассасын салып, 17 аспалы жол орнату көзделген.
Сонымен қатар Oi-Qaragai курорты биыл шаңғы трассаларының ұзындығын 38 шақырымға дейін ұлғайтты. Ақтас алаңында мейрамханасы, қонақүйі және конференц-залы бар кешен ашылды.
Шымбұлақ курорты да кеңейтіліп жатыр. Бірінші кезеңде жаңа аспалы жолдар мен шаңғы трассалары салынып, Чкалов шыңына дейін тағы бір аспалы жол тарту жоспарланған.
Тау туризмі – өңір экономикасының жаңа мүмкіндігі
Әзербайжан «Шахдаг» курортына 1,3 млрд АҚШ долларынан астам қаражат салса, Қырғызстан «Ала-Тоо Резорт» жобасын жүзеге асыруда. Ал Қазақстан Алматы маңындағы тау курорттарын кеңейтіп, жаңа туристік нысандар салуға басымдық беріп отыр.
Kazakh Tourism Development компаниясының бағалауынша, шетелдік турист таулы аймақтарда күніне орта есеппен 450 АҚШ долларын жұмсайды. Бұл қаражат қонақүйлерге, қоғамдық тамақтану орындарына, жабдықтарды жалға беру пункттеріне және жергілікті кәсіпкерлерге түсетін табыс көзіне айналады.
Осылайша, Орталық Азия елдері тау туризмін дамытуды экономиканы әртараптандырудың және халықаралық туристерді тартудың маңызды бағыты ретінде қарастырып отыр.