Президент реформалары Қазақстан паспортының беделін арттыруда — Kazface.kz
Жаңалықтар

Президент реформалары Қазақстан паспортының беделін арттыруда

Президент реформалары Қазақстан паспортының беделін арттыруда

Вице-президент Ерлан Кариннің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды KazFace.kz

Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі. Сонымен қатар комиссия 43 адамның Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.

Вице-президенттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі сақталып келеді. Мәселен, соңғы сегіз жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны шамамен 40 есеге қысқарған. Бұл еліміздегі әлеуметтік оптимизм деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, еліміздің паспорты жылдан-жылға нығайып, Қазақстанның халықаралық тартымдылығы артып келеді. Түрлі халықаралық индекстердің деректеріне сәйкес, Қазақстанның көгілдір паспорты өңірдегі ең мықты паспорт саналады. Бүгінде отандастарымыз әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз бара алады», – деді Ерлан Карин.

Сонымен қатар Қазақстан азаматтығы IT саласының шетелдік жетекші өкілдері, бизнесмендер, инвесторлар, ғылым және мәдениет қайраткерлері үшін де тартымды бола түскен.

Вице-президенттің атап өтуінше, еліміз азаматтығының беделінің артуы Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы реформаларын іске асырудың, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған саясатының нәтижесі болып табылады.