Ташкентте қазақстандық 16 жас футболшы ауруханаға түсті — Kazface.kz
Жаңалықтар

Ташкентте қазақстандық 16 жас футболшы ауруханаға түсті

Ташкентте қазақстандық 16 жас футболшы ауруханаға түсті

Жұлдыз ОРАЗХАН

Өзбекстан астанасында өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол турниріне қатысқан қарағандылық жас спортшылардың денсаулығы күрт нашарлаған, деп хабарлайды KazFace.kz.

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бастапқыда Ташкенттегі №5 жұқпалы аурулар ауруханасына 28 адам, оның ішінде 16 бала, 11 ата-ана және бір жаттықтырушы жатқызылған.

Ата-аналардың айтуынша, балалардың денсаулығы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлай бастаған. Олардың дене қызуы көтеріліп, іш ауруы, құсу және диарея белгілері байқалған. Ата-аналар жағдайды қонақүйдегі тағаммен байланыстырады. Алайда уланудың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі науқастарға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын және олардың жағдайы тұрақты екенін хабарлады.

2 қарашадағы соңғы мәлімет бойынша, Ташкентте 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында қалып, ем қабылдап жатыр.

Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, балалар толық сауығып шыққанша Өзбекстанда болады. Қалған спортшылар мен олардың ата-аналары Қазақстанға оралып жатыр.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі де оқиғаны бақылауға алған. Дипломаттар балалардың туыстарымен және Өзбекстандағы медициналық мекемелермен тұрақты байланыста.