Боқаев ақпаратты тексермей, жалған бейнеролик жариялаған – куәгер
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды KazFace.kz
Кезекті отырыста әкімдіктің бұрынғы қызметкерлері мен айыпталушының танысы куәлік берді.
ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қаралып жатқан эпизодта куәгер Бибек Жүнісов Боқаевқа «Атакент» көрме орталығын реконструкциялауға бөлінген қаражат туралы мемлекеттік сатып алу порталынан ресми мәліметтерді өзі жібергенін айтты. Алайда оның сөзінше, блогер бейнероликте жобаның мазмұнын бұрмалап көрсеткен.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бұрынғы басшысы Батырхан Сүлейменов «Атакент» аумағы 2018 жылы мемлекеттік меншікке қайтарылғанын түсіндірді. Құны шамамен 12 млрд теңге болатын реконструкция жобасы төрт субұрқақты қалпына келтіруді, суару жүйесін орнатуды және 63 мың жасыл желек отырғызуды қамтыған. Алайда жалған ақпарат тарағаннан кейін тұрғындардың шағымдары мен сот даулары туындап, жоба кейінге шегерілген.
Сотта Баум тоғайына қатысты бейнематериал да қаралды. Куәгердің айтуынша, «Bazis-A» компаниясы бұл аумақта тұрғын үй немесе мейрамхана салуды жоспарламаған. Компания тек аумақты абаттандыруға демеушілік жасаған, ал жоба ағаш кесуді көздемеген.
Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге қатысты эпизод талқыланды. Бостандық ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Ренат Сейдраманов Боқаевтың бір жерасты және бір жерүсті өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінді деген мәлімдемесі шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
Мемлекеттік сатып алу құжаттарына сәйкес, шамамен 860 млн теңге бес жерасты және бес жерүсті өткелін, яғни барлығы 10 нысанды күрделі жөндеуге қарастырылған.
Куәгерлердің айтуынша, аталған бейнематериалдарда жобалардың нақты мазмұны толық көрсетілмеген. Қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасуда.