Ерлан Қарин: Қазақстан – бірегей дала өркениетінің алтын бесігі — Kazface.kz
Жаңалықтар

Ерлан Қарин: Қазақстан – бірегей дала өркениетінің алтын бесігі

Ерлан Қарин: Қазақстан – бірегей дала өркениетінің алтын бесігі

Алматы қаласында Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиум өтті. Жиынға Вице-президент Ерлан Қарин қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді, деп хабарлайды KazFace.kz

Президент өз құттықтауында әл-Фарабидің парасатты адам мен қайырымды қоғам туралы идеяларының маңызын атап өтіп, оның мұрасы «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» тұжырымдамаларымен үндесетінін жеткізді.

Ерлан Қарин өз сөзінде ұлы ойшылдың еңбектері қазіргі жаһандану мен технологиялық даму кезеңінде де өзектілігін жоғалтпағанын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Алматыда әл-Фараби, Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық симпозиумдар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетінін мәлімдеді.

Форум барысында қатысушылар әл-Фараби философиясының жаһандық гуманитарлық диалогты дамытудағы және жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлін талқылады.

Халықаралық симпозиумға Қазақстан мен шетелден 150-ден астам ғалым, зерттеуші және сарапшы қатысты.